Мәдениет

Мәдениеттің қазіргі ахуалы

Т.Ахтанов атындағы драма театрында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қорытынды есебі өтті. Жиында облыстағы мәдениет мекемелерінің жұмысына шолу жасалып, атқарылған жұмыстар баяндалды.

Жиында сөз алған басқарма басшысы Алтынай Юнисова мәдениет мекемелерінің жұмысына тоқталды.

Өңірімізде өткен жылы 31279 мәдени іс-шара өтті. Бүгінгі күні Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармонияның шығармашылық ұжымдарына «академиялық» мәртебе алу үшін талапқа сәйкес жұмыстар жүргізіліп жатыр. «Академиялық» мәртебені алу үшін бекітілген Ереже талаптары бар. Олар — кемінде 25 жыл үздіксіз қызметті жүзеге асыру, жылына 60-тан астам концерт ұйымдастыру, шығармашыл қызметкерлердің кемінде 80 пайызы мәдениет саласындағы жоғары білімі бар кәсіби білікті мамандар болуы тиіс. Және шығармашылық ұжым мүшелерінің 25 пайызы мемлекеттік наградаларымен марапатталған болуы шарт, — дейді ол.

Жиында С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасына да «академиялық» мәртебе беру туралы сөз қозғалды.

Жарлықта көрсетілген талапқа сәйкес, мұндай мәртебе алу үшін кітапханадағы кітап қорының он пайызы ұлттық мәдени игілік болып есептелетін сирек қолжазбалардың, көне кітаптардың, құжаттар мен басылымдардың жиынтығы болуы керек. Қазіргі таңда облыстық кітапхана әлемдік кітапханалармен онлайн конференциялар өткізіп, өзара тәжірибе алмасып жатыр, — деді облыстық кітапхана директоры Сұлушаш Хакимова.

Сондай-ақ Алтынай Юнисова біраз жылдан бері шешімін таппай келе жатқан мәселе — ауыл-аймақтардағы музей ғимараттарының құрылысы туралы айтты.

— Бірінші кезекте Темір, Мәртөк, Хромтау және Алға аудандарына музей және архив ғимараттары салынатын болады. Биыл Темір ауданында құрылыс жұмыстары жоспарланып отыр. Облыс аумағын кешенді ғылыми зерттеу мақсатында облыс әкімі тарапынан 2021-2024 жылдарға арналған Жол картасының жоспары бекітіліп, өткен жылы  аса маңызды тарихи-мәдени және сәулет өнері ескерткіштерін ғылыми зерттеу, археологиялық ескерткіштерді зерттеу, ұлттық тарихи-мәдени мұраны жергілікті, республикалық және халықаралық деңгейде насихаттау, ескерткіштерді сақтау және қайта қалпына келтіру  бағыттары бойынша 18 жоба іске асырылды, — деді ол.

Жиынға қатысқан Қарғалы аудандық Мәдениет үйінің директорын сөзге тартқан едік:

— Қарғалы мәдениет үйінде 71 қызметкер жұмыс жасайды. Шығармашылық қызметкерлердің дені — жастар. 62 үйірме, соның ішінде 4 халықтық, 2 үлгілі атағы бар үйірмелер жұмыс жасайды. Өткен жылы «Ұшқын» халықтық жастар театрының «Алғашқы махаббат» комедиялық қойылымы көрсетіліп, көрермен көңілінен шықты. Осы жылы аудандық Мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Жақсылық жасап жарысайық!» атты қайырымдылық акция-эстафетасы ұйымдастырылып, акциядан жиналған қаражат ауданымызда салынып жатқан мешіт құрылысына берілді және аз қамтылған, көпбалалы отбасылар мен көмекке мұқтаж жандарға көмек көрсетілді. Ендігі кезекте Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығына арналған «Әуелейді Шәмші әні» облыстық ән байқауы, «Ауыл кеші көңілді» сынды іс-шаралар өткізуді жоспарлап отырмыз, — деді Нұрсұлтан Бекмұратов.

 Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button